Сақ болайық – коронавирустен

Қазақстан Республикасы Ақпарат  және Қоғамдық даму Министрлігіне қарасты  «Қазақпарат» агенттігінің хабарлауынша  Қазақстан территориясы бойынша коронавирус індетін жұқтырушылардың тәуліктік көрсеткіші (14.04.2020 ж.) 140 адамға жеткен. Бұл дегеніміз бір тәуліктің өзінде жалпы көрсеткіштен індеттің асқынуы 14,7 %-ға жоғарлағандығын көрсетеді.   Соның ішінде, сол күні бұл індет Алматыда 106 адамға артқан (64 %), ал Қарағанды облысында – 12 (18 %), Нұр-Сұлтанда – 9  (3,6%) құрайды.

Жасыратыны жоқ, індет елімізде дәуірлеп тұр. Бұл қасіретті жою шарасы Өкімет тарапынан өте қатаң қадағаланып, тиісті шаралар да жүргізіліп отыр. Міне, 26 тәулік бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Өскемен сияқты ірі қалалардің кірісі мен шығысы оқшауланып, қатаң тәртіппен қадағаланып отыр. Халыққа үйден шықпау туралы ақпараттар кеңінен таралып, жүзеге асырылуда. Қалаға, облыстарға бақылау күшейтілді. Тиісті адамдарға қаржыдай көмектер де дер кезінде тағайындалып, жүзеге асырыла бастады. Қазақстан Республикасының Атазаңын силайтын қай азамат болмасын бұл әрекеттерге мойынсынып, тура орындалуына өз үлестерін тигізіп отырғандығы анық және солай болуы да тиіс.

Білім-ғылым саласының қызметкері болғандықтан елімізде, тіптен, мұқым әлемді жайлап отырған бұл індетке мен де бей-жай қарай алмаймын. Менің де жанұям, балаларым мен немерелерім, туыс-жекжаттарым, шәкірттерім бар. Бастысы – елімнің аманшылығы, халықтың тыныштығы. Десек те, мұндай эпидемиялық іс-әрекеттер жүріп жатқан  жақта қандай шарамен болмасын көшеге ұмтылғандар үшін, әрине, оғаш әрекет. Бүгінде жұмыс орындарымен қатар, білім ордалары да тұтастай жабылды. Дегенмен, халқымыздың «Тірі адам тіршілігін жасайды», – деген нақыл сөзі бар емес пе? Олай болса үйде қол қусырып отыру кімді болмасын қажытатыны анық. Оның үстіне, басқа министрліктермен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі де үй жағдайында кызметімізді жалғауға нұсқау берді. Тіптен, мектептегі оқушылар мен ата-аналар үшін ғаламтор желісі арқылы сабақ өткізудің бағдарламалары ұсынылды. Оның жүру жүйесі теледидар арқылы тұрақты жарияланып, халыққа кең ауқымды таныстырылды. Әккі мамандар мен мектеп басшылары ата-аналармен тікелей байланыс орнатты, қашықтықтан дәріс жүргізу жүйесі іске қосылды. Бұл мектеп қабырғасындағы білім беру саласының қиыншылықтары мен оны жеңудің заманауи әрекеттері. Әйтсе де, бұл мектеп жасындағы балапандар үшін өте күрделі кезең. Бірақ тоң қозғалды, түрлі қиыншылықтар ақырындап қаз-қалыпына келе бастады.

Ал Жоғары оқу орындағы студенттердің, магистраннтар мен докторанттардың, оқытушылар мен әкімшіліктің хал-жағдайлары қалай? Жоғары мектеп саласының ғалымдары мен оқытушыларымен қатар, жоғары жауапкершілікпен мән бердім, кемшіліктерге жол бермеу мақсатында көппен бірге ат салысып «отырмын».

Рас, отырмын… . Жоғары білім беру жүйесінің отырып жұмыс істеуге еш келмейтіндігі де рас. Нәтиже қаз қалпында болады, ештеме өзгермейді деп бар іске қанағат көзбен қарауға болмайды. Десек те, әлемді жаулаған дертке амал бар ма?..

Мен магистранттар мен докторанттарға «Ғылыми зерттеулердің негізі» мен «Жол құрылысындағы теориялық және эксперименттік зерттеу тәлері» деген пәндерден дәріс беремін. Басқа да пәндер жоқ емес, бірақ мына аталғандар солардың ішіндегі шоқтығы биігі. Теориялық негіздемелерден ұғым беруді, эксперименттік тәсілдерді оқытуды, оның қыр сырын ашып көрсетуді дәріс алушыдан тыс өткізу, әрине, ұшқан құстың қанатын кескенмен пара-пар әрекет.

Бұл арада, Білім және ғылым министрлігі ұсынған ZOOM бағдарламасына тоқтала кеткенді жөн санаймын. Қазір Білім беру ордаларының барлығы (мектеп, колледж, ЖОО, т.т.) осы бағдарламада жұмыс істеуде. Ойлап қараңыз, бір мезгілде барлық дәріскерлер, оқушылар әлемтор желісінде кіреді. Бұл миллиондардың бір мезгілде осы желіге түсіретін жүктемесімен сабақтасады. Басында тәжрибе жүзінде бірнеше сабақтар өткізіп көрдім. Қолданушы үшін қиыншылықтар онша байқалмайды және сол материалдарды қаз-қалпында экранға шығаруға мүмкіндіктер зор. Сонда қиыншылық неде? Қиыншылық бейне материалдарды қаз қалпында қолдануға келетін кейбір кесапаттарда болып отыр. Мысалы, бейнематериалды қолданушыға жібердік делік. Алайда бейнематериал қолданушының экранында тұтас жүрмей, үздік-үздік өтеді, сөйтіп, уақыт шектелуіне ұшырайды. Мұндай бейне материалдан дәріс алушы ешқандай сапалы мағлұмат ала алмайды. Бұдан түйін: ZOOM бағдарламасы арқылы жүргізілетін материалдар бейне жазба (қимылды) түрінде болмағаны дұрыс.

Қиыншылық мұнымен шектелмейді. Ғылыми зерттеу негіздері болғандықтан онда зертханалық, далалық зерттеу жұмыстары орындалуы тиіс. Ал «отырып» жұмыс істеу тәсілінде мұның бірі де жоқ. Дегенмен, оның да шығар жолын кафедра мүшелері бірігіп, іздестіріп, тиісті шаралар қолдана бастадық. Соның бірден-бір жолы – ол өндірістік зерттеу жұмыстарының нәтижелерін аналитикалық өңдеу, сұрыптамадан өткізу әрекеттерін жүргізу. Магистранттар бұған айтарлықтай деңгейде машақаттанып қалды, өндірістік зеттеулердің небір ерекшеліктерін ашып, оған баға беруді үйренді. Мысалы, біздің елдегі табиғи материалдар жол құрылысына қаз қалпында сәйкес келе бермейді. Олардың құрамында беріктігі төмен минералды материалдар (тастар), ішкі бірігу күші төмен, сусымалы топырақтар және басқа да табиғи материалдар бар. Олардың физикалық-механикалық құрамына сипаттамалар жасап, оны отандық технологияға енгізу ерекшеліктерін қарастырды. Бұл тікелей аналитикалық сараптамамен орындалатын зерттеулер.

Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты (ҚазАЖИ) бұл тұрғыда 2010 жылдан бастап автожол саласында әртүрлі деңгейде  жан-жақтылы зерттеулер жүргізіп келеді. Республикалық, халықаралық, жергілікті және ведомствалық жолдарда диагностикалық сараптамалар жасалды, инженерлік қызметтер, түрлі деңгейде бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың техникалық есептері, хаттамалары, сызу-сұлбалары баспа және бейне жазба жүзінде ҚазАЖИ мұражайында сақтаулы. Институт әкімшілігі бұл материалдарға магистранттар мен докторанттардың сараптама жұмыстарын жүргізуіне еш шектеу қоймайды.

Осындай зерттеулер кезінде біздегі архив материалдары арқылы институт докторанты Д.Е. Есентай химиялық реагенттердін цемент бетонды жолдардың бетіндегі  қар-мұз түзілімдердің қатпауына арналған патенттік зерттеулер жүргізіп, оның нәтижесінде химиялық тайғақтыққа қарсы жаңа материалға патенттік тапсырыс жасады. Әрине, тоғыз жерден тосқауыл қойылса да талапкердің еңбегі қап түбінде жатпайтындығы рас. Бастысы, қолда бар нақты материалдарды жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар нәтижелі пайдалана білінуінде. Соған машақаттандыру – біздің міндет. Бұл үшін зертханалық немесе далалық эксперименттік сынақтардың қайталап жүргізіллуі еш тиіс емес.

Мен соңғы үш жылда «Көліктік құрылыс бағытындағы теориялық және эксперименттік зерттеу тәсілдері» деген 2 томдық шығармашылық еңбекпен айналысып келемін. Осы бір ауыр кезеңде сол еңбекті «үй отырысында» тыңғылықты авторлық тексеруден өткізуге де мүмкіндік туды. Бұл еңбекке соңғы 10-12 жыл көлемінде автомобиль жолдарының құрылысы, пайдаланымдық жұмыстары, инженерлік қызметтері, қауіпсіздігі мен инфрақұрылымдық жүйесі, жылутехникалық есептемелері мен құрылыстық материалдардың сапасы туралы жүргізілген авторлық таңдамалы еңбектерімнің нәтижелерін сараптамадан өткізіп, қостым. Бұл еңбекті жоғары және арнайы орта білім ордаларына, зертеушілерге, жас мамандар мен оқытушылапға оқу құралы есебінде ұсынбақшымын. Оқулықтың жалпы көлемі 24 тараудан тұрады. Оған теориялық негіздемелер, эксперименттік сынақ нәтижелері мен олардың аналитикалық сұрыптамалары, қорытындылар мен түрлі техникалық-экономикалық негіздемелер енгізілген. Осы бір таршылық уақытта бұл еңбек те дәрісткерлеріміздің теориялық сабақтарынан ауқымды орын алды. Міне, осылайша 1 айдың көлемінде қашықтықтан жүргізу тәсілі біздің кафедра үшін білім сапасын төмендетпеу жолындағы үлкен сынақ болды. Әрбір сабақта магистранттар мен бакалаврлардың сабаққа қатысу үлесі 90 % көлемінде болды. Ал диплом жобасының орындалуындағы кеңес беру сабақтары қалыптық электрондық пошта арқылы жүзеге асырылуда.

Пікірімді жүйелей келе, ҚазАЖИ «Көліктіқ құрылыс және құрылыстық материалдарды өндіру» кафедрасының профессорлық-оқытушылары атқарып отырған білім-ғылым саласындағы аса жауапты істер туралы тоқтала кеткенді жөн санадым. Кафедра ұжымы бір-бірімен, дәріскерлермен, магистранттар мен доктарантармен тығыз байланыста қызмет атқарады. Қашықтықтан оқитын дәріскерлер жоғары мазмұнда Платонус бағдарламасына сәйкес әзірленген тапсырмалармен дер кезінде қамтамасыздандырылып отырады. Шығармашылық жағы да үлкен деңгейде. Әккі ғалымдардың жетекшілігімен жас оқытушылар мен докторанттар жеке фундаментальды ғылыми тақырыптармен шұғылданады. Сонымен қатар Институттың жол-сынақ зертханасыда эксперименттер жүрізу арқылы түрлі тақырыпта шаруашылықтық қолданбалы ғылыми жұмыстар атқарады. Бізде жол өндірісіне қатысты заманауи зерттеулер тамаша жолға қойылған. Бір жылдың өзінде өндіріс мекемелерінен осындай 6-8 тақырыпқа тұрақты түрде тапсырыс алып отырамыз. Сонымен қатар, кейбір ғылыми жұмыстардың нәтижесі бизнестік сұраныс негізінде жүргізіледі.

Бұл еліміздегі әрбір ғалымның қалыптасқан беймаза жұмыстарының бірі ғана. Кез келген Ғалым мен Ұстаз еңбегінің нәтижелілігі шәкірттерінің болашақтағы жетістіктерімен өлшенеді. Егер ел экономикасы, халқымыздың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы мен іс-әрекеті қалыпты болса, алдыңғы қатарлы елдермен бәсекелестікке төтеп берсе, онда олардың еңбегінің жанғаны, ұстаздық мерейінің өскендігі.

Қадірменді оқырман! Сіздер ҚазАЖИ профессорлық-оқытушылары мен ғалымдарының бір айдағы атқарған жұмыстарының кейбір жетістіктерімен таныстыңыздар. Сіздерге еліміздің тыныштығын, халқымыздың байсалдылығын тілейміз. Жастарымызға даңғыл жол тек ұстаздың беймаза жұмыстарыфның сапасымен анықталады.

Ел аман, шекара тыныш болсын!

Әбді Қиялбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық көлік академиясының академигі

Версия для слабовидящих
Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support